Мемлекет басшысы ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстады

Ақорда

Мемлекет басшысы ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстады. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілген болатын. Президент төл мәдениетіміз түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналатынын жеткізді. 
 

– Мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістан жерінде мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапат Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілетін болды. Осы жоғары марапатты өткен аптада бірінші болып Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және осыдан екі күн бұрын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле ханымға табыстадым. Азуле ханым кезінде Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді, әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұмысқа белсене атсалысты. Мұны ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз түркі бірлігін нығайтуға, ұлт мәдениетін дәріптеуге мол үлес қосқан шетелдік әріптестеріміздің еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркендей берсін! Ұлт мәдениетінің мәртебесі әрдайым биік болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.