Қайтыс болғанын бірнеше сағаттан кейін ғана айтты: Алматыда жеке клиникада көз жұмған блогердің жақындары әділдік талап етуде

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2026

Алматыда танымал блогер пластикалық операциядан  кейін көз жұмды. Қайғылы оқиға қаладағы жеке клиникалардың бірінде болған. Жақындары науқастың қайтыс болғаны туралы тым кеш хабарлады дейді.

Марқұмның жақындарының айтуынша, 53 жастағы әйел липосакция  отасын жасатпақ болған. Қайтыс болғанын бірнеше сағаттан кейін ғана хабарлады дейді.  

БОЛАТҚАН ЕРМАХАНОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Қасында Сәуленің үлкен апасының қызы болған. Бес жарымда шықпаған. Сосын, жаңағы айтып отырған апамның қызы айтады, «врачтар жүгіре бастады» дейді. «Не болды?» деп сұрағанда, «ештеңе маған айтпайды» дейді, кіреді-шығады, кіреді-шығады жүреді.

Бұл жағдайға қатысты клиника басшылығы  ресми мәлімдеме  жариялады.

“SMART BEAUTY ” ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГИЯ КЛИНИКАСЫ:

Клиника ұжымы отбасы мен жақындарына шынайы әрі терең көңіл айтады. Бұл – біз үшін де адамгершілік тұрғысынан ауыр жағдай, біз оны терең жанашырлықпен және құрметпен қабылдаймыз. Қазіргі уақытта болған оқиғаға байланысты заңнамада қарастырылған рәсімдер жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, науқастың отбасына құрмет көрсетуге, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігі мүддесіне байланысты клиника ресми рәсімдер аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық детальдарына жария түрде пікір білдіруді мүмкін деп санамайды.

Қазір оқиғаға қатысты іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталуда.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.

Марқұмның туыстары клиникаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді талап етіп отыр.