«Нотариустар жемқорлар мен қылмыскерлерге айналды», - депутат

Мәжіліс мафиямен күреседі. Халық қалаулылары микроқаржы ұйымдары мен нотарустарды «Қылмыстық одақ», - деп атады. Адамдарға бір ауыз ескертпей, сыртынан шешім шығарып, қазақстандықтардың шоттарын жаппай бұғаттап жатқанын айтып, мәжілісмендер дабыл қақты. Полиция айыппұл салған қазақстандықтардың берешегі де кешірілмек. Толығырақ Еркелді Тілеуқұл баяндайды.

1,5 млн қазақстандықтың қазір банк шоттары жабық. Оған ең алдымен заңсыз жұмыспен айналысатын нотариустар кінәлі, - дейді мәжілісмендер. Себебі, жеке сот орындаушылары берешегі бар жандардың мәселесін заң бойынша сот арқылы шешпей, нотариустармен бірігіп, шешім шығарып жатыр дейді. 

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Көбісі өздерінің танысы. Алматыда 1000 астам нотариус бар, бірақ, соның 4-5-і ғана Микроқаржы ұйымдарымен жұмыс істейді. Миллиардтаған ақша солардың қолымен кетіп жатыр. Солардың жеке сот орындаушылары шоттарды жабады. Барлығы бір-бірімен ауыз жаласып, сыбайласып болған. Бұл – мафия. Сол себептен, біз бұларды тоқтатпасақ, болмайды.

Әкімшілік хаттама толтырылып, іс қозғалған азаматтардың айыппұлдары кешіріледі. Оның 90 пайызын полиция салған.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,  «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

1,8 млн айыппұлдың басым бөлігін полиция салған. Оның ішінде түрлі, әрине, жерге түкіргендер, мас күйінде ұсталғандар. 90 пайызы – жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдар. Барлық айыппұлдар амнистияға жатады, егер 17-і наурызға дейін, яғни, жаңа Конституция қабылданғанға дейін жасалса. Бүгінгі күні барлық берешек 600 млрд теңге болса, соның 36-ы амнистияға жатады.

Сарбаздар енді асханада қалағанын жейді. Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде швед үстелі кеңінен қолданылмақ. Бастысы, әр бұрышта жасанды интеллект басқаратын камералар орнатылады. Әскердегі әлемжеттік сонда тоқтауы тиіс, - дейді.

ДАРХАН АХМЕДИЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Мысалы, әскери бөлімшеде кім бар, кім жоқ. 100 адам қызмет ету керек болса, олардың барлығы орнында бар ма? Жоқ болса, себебін анықтап, оқуда ма, ауырып жатыр ма? Соның барлығын командир көре алады. Екінші мәселе, автотехника, брондалған техника орнында тұр ма, жоқ па? Одан бөлек, орнын қалдырып кетпеді ма екен? Белгіленген уақытта барлығы өз жұмысын жасап жатыр ма? Төбелес болып жатыр ма, түнде бір жерге шығып кетпеді ма? Аумаққа бөтен адам кіріп кетпеді ме деген секілді жағдайлардың алдын алады.

Мәжілісте тағы бірнеше Заң жобасы қаралды. Ол бойынша да шешімдер қабылданды.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Нотариустардың жұмысына қадағалау күшейтіледі. Жеке сот орындаушыларға да қойылар талап жоғары. Енді олар емтихан тапсыруға міндеттеледі. Мәжіліс Заң жобасын мақұлдады.