Алатау - ағылшын құқығы енгізілетін жаңа экономикалық қала болмақ

Алатау қаласы бизнесті реттейтін жеке тетіктері, салықтық жеңілдіктері бар және шешімдер жедел қабылданатын бірегей алаңға айналады. Жобаны әзірлеушілер Дубай, Сингапур, Шэньчжэнь және Хайнань тәжірибесіне сүйенген. Алатау ситиде инвесторларды қорғау үшін ағылшын құқығының элементтері мен халықаралық арбитраж енгізілуі мүмкін. Қазақстанда ерекше экономикалық юрисдикция құру жоспары туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев  мәлімдеді. Сонымен қатар, Алатауда криптореттеуді, цифрлық активтер мен жасанды интеллект технологияларын іске қосу қарастырылып жатыр. Жаңа шаһар «Digital by default»  қағидатына негізделген. Онда автономды көліктер, қаланың электронды моделі және роботтандырылған жүйелер жұмыс істейді.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар “charter cities” деп аталады. Алатауда тек салықтық жеңілдіктер емес, сонымен қатар бизнесті реттеу тетіктерін, инвестиция тартуды және бизнес дауларын шешу жүйесін қамтитын толыққанды экожүйе құру жоспарлануда.