Астанада ерекше жастар мамандық меңгерді

Астанада 22 ерекше жас  кәсіптік курсты аяқтады. Олар бес ай бойы аспаз, тігінші және 3D-дизайнер мамандықтарын меңгеріп шыққан. Ауқымды жоба елорда әкімдігі, «AMANAT» партиясы және «Bolashak Charity» қорының қолдауымен жүзеге асты. Бастама көптеген отбасылар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашпақ. Оның аясында 6 түлек ресми түрде жұмысқа орналасады. Оларға арнайы педагог-ассистенттер көмектеседі. 

ДИНАРА ГАПЛАН, «BOLASHAK CHARITY» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Аутизм және басқа да күрделі ерекше мұқтаждықтары бар жастар осы уақытқа дейін өздерінің конституциялық құқықтарын, яғни кәсіптік-техникалық білім алу мүмкіндігін толыққанды пайдалана алмай келді. Бүгінде оларды сапалы оқыту, даярлау, әлеуметтендіру және жұмыспен қамту мәселесі өзекті. Біздің қоғамдағы міндетіміз оларды ортамызға кіріктіру және иық тіресе бірге өмір сүру.