Парсы шығанағында екі кемемен байланыс үзілді

Фото: magnific.com

Ирак билігі Парсы шығанағы аймағында Боливия туымен жүрген екі кемемен байланыс жоғалғанын хабарлады.

Ирактың теңіз порттары жөніндегі бас компаниясының мәліметінше, елдің аумақтық суларындағы теңіз басқармасы мен іздеу-құтқару орталықтары аталған кемелерден ешқандай апат сигналы түспегенін растаған. Сондай-ақ кемелер Ирактың аумақтық суларына кірмеген.

Компания бірнеше порттың қауіпсіздік органдарынан және кемелер иелерінен байланыс жоғалуына қатысты ақпарат сұратылғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Ирак тарапы кемелердің нақты орналасқан жері туралы мәліметке ие емес. Соған қарамастан, аймақ елдерінің іздеу-құтқару қызметтерімен бірлескен мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.