Куба – Кариб бассейніндегі жалғыз террорист мемлекет. Биліктің көзін жоймаса, халық жағдайы жақсармайды. АҚШ мемлекеттік хатшысы осылай деді. Марко Рубио жалғыз Кубамен тоқтап қалмады. НАТО елдері де сенімімізді ақтамады. Олардың сазайын тарттырамыз, - деп мемлекеттік хатшы ескерту жасады. Ол Альянстың сыртқы істер министрлерінің саммитіне бара жатыр. Апта аяғында Кәрі құрлықта Солтүстік-Атлантикалық одақтың тағдыры шешілмек. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Куба – біздің Ұлттық қауіпсіздігіміз үшін басты қауіп. АҚШ Рауль Кастроны іздеуге жариялаумен шектеліп қалмады. Пентагон «Бостандық аралының» жағалауына әскери кемелерін жіберді. Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың айтуынша, қазіргі билікпен бейбіт келіссөз жүргізу мүмкін емес.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Біз қай жерде болсын, дипломатияны бірінші орынға қоямыз. Бірақ, тура бүйірімізде сөз түсінбейтін жандардың болуы қынжылтады. Куба тыныш отырса мейлі ғой, өзге лаңкестерге белсенді көмек көрсетеді. Басты мақсаттары – АҚШ Ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру. Сондықтан, біз олармен сөйлесіп жатпаймыз.
НАТО бойынша одақтастар да АҚШ көңілінен шығып отырған жоқ. Трамп Иранмен соғывс кезінде Еуропалық елдердің көмек көрсетпек тұрмақ, кедергі келтіргенін ұмыта қойған жоқ. Марко Рубио өз сұхбатында Альянстың кезекті саммитінде осы мәселені көтеріп, Испания, Германия секілді кедергі келтіргендердің сазайын тарттыруға бара жатқанын жасырмады.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Біз үшін Еуропада әскер ұстау негізі тиімді. Алайда, НАТО бір бағыттағы ғана көше болып қалмауы керек. Испания бастаған кейбір мемлекеттердің әрекеттері көңілімізді қалдырды. Ортақ қорғанысқа бөлінетін ақшаның 90 пайызын АҚШ береді. Еуропада да кедей мемлекеттер отырған жоқ қой. Біз оларға 5 пайызға дейін көтер дедік, тыңдамады. Ақыры, қол жайып отырады екен, дауыс беру құқығынан айырамыз.
Нью-Йорк қаласының билігі футболдан Әлем Чемпионатында арзан билеттер сатуды қолға алды. Жанкүйерлер, 4 жылдықтың басты футбол додасындағы билет бағасының тым қымбат екенін айтып, наразылықтарын білдіруде. Өткен мундиальдардан қарағанда бірнеше есе қымбат екеніне ашынғандар көп. Осы Орайда, Нью-Йорк мэры Зоран Момдани құны небәрі 50 доллар болатын билеттерді айналымға енгізді.