Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша Палатаның атқарған қызметі туралы мәлімет берілді. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, Парламент жаңа Ата заңның нормаларын іске асыруға жол ашатын жеті конституциялық заңды сапалы әрі уақтылы қабылдады. Жалпы, Мәжіліс сессиясы басталғаннан бері 89 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Қазір депутаттардың қарауында 80 заң жобасы жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевқа парламенттік дипломатия бағытындағы жұмыс қорытындылары, атап айтқанда, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа парламентаралық ұйымдармен ықпалдастық жайында да баяндалды.