93 жастағы әжейге алғаш рет туу туралы куәлік берілді

Фото: ашық дереккөзден

Өзбекстанның Наманган облысы Чуст ауданында 93 жастағы Купайсин-момо Сотиболдиеваның туу деректері ресми түрде қалпына келтірілді.

Өзбекстанның Әділет министрлігі әжейге алғаш рет туу туралы куәлік берген.

Купайсин-момо аудандық әділет бөліміне құқықтық мәселе бойынша жүгінген. Құжаттарын тексеру барысында оның 1933 жылы туғаны белгілі болғанымен, АХАТ мұрағаттарынан туу туралы жазба табылмаған.

Министрлік мәліметіне қарағанда, әжей бала кезінен туған күнін 2 наурыз деп атап келген. Бұл күнді оған ата-анасы айтқан. 1951 жылы Купайсин-момоға қыз кезіндегі тегіне рәсімделген туу туралы анықтама берілген. Кейін тұрмысқа шыққан соң ол Сотиболдиева тегін алып, өмір бойы түрлі құжаттарын осы негізде рәсімдеп келген.

Алайда азаматтық төлқұжатында туған күні мен айы көрсетілмегендіктен, әжей бірқатар қиындыққа тап болған. Осыған байланысты аудандық әділет бөлімі оның туу фактісін заңды түрде анықтау үшін ауданаралық сотқа жүгінген.

Сот Купайсин-момо Сотиболдиеваның 1933 жылғы 2 наурызда дүниеге келгенін ресми түрде растады. Сот шешімінен кейін оған қыз кезіндегі тегімен – Купайсин Ташмирзаева атына туу туралы куәлік рәсімделді.