АҚШ-та грин-картаға өтініш беру тәртібі өзгерді

Фото: canva.com

АҚШ билігі грин-картаға өтініш беру талаптарын қатаңдатты. Енді ел ішінде уақытша визамен жүрген шетел азаматтары тұрақты тұру мәртебесіне тікелей өтініш бере алмайды. Бұл туралы АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS) хабарлады.

Жаңа ережеге сәйкес, олар өз мемлекетіне оралып, грин картаға АҚШ елшілігі немесе консулдығы арқылы өтініш тапсыруы қажет.

«Студенттер, уақытша жұмысшылар мен туристер АҚШ-қа белгілі бір мерзімге және нақты мақсатпен келеді. Сондықтан олардың уақытша сапары грин карта алудың алғашқы кезеңіне айналмауы тиіс», - делінген мәлімдемеде.

Дегенмен құқық қорғаушылар жаңа ереже аралас мәртебедегі отбасыларға қосымша қиындық туғызып, кей мигранттардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін деп алаңдаулы. Ал Ақ үй бұл шешімді иммиграциялық бақылауды күшейту және жүйені «заң талаптарына сәйкестендіру» деп түсіндірді.