Атырау облысында полиция бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымының жолын кесті

Фото: Polisia.kz

Атырау облысында браконьерлік пен балық өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесуге, сондай-ақ Каспий өңірінің биоресурстарын қорғауға бағытталған "Бекіре–2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде өткізілуде.

Жуырда полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам балық өнімін тәркіледі. Оның ішінде 911 келіден астам бекіре тұқымдас балық және шамамен 1 келі бекіре уылдырығы бар.

Тәркіленген өнімнің барлығы "Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауытына" тапсырылды. ЖПІШ басталғалы заңсыз балық аулау, сақтау, тасымалдау және балық өнімдерін өткізуге қатысты 152 құқық бұзушылық анықталды.

Жеті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар заңсыз аулауға арналған 19 құрал мен құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылмақ болған 10 жүзу құралы тәркіленді. Бұдан бөлек, полиция уәкілетті органдармен бірлесіп тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасының талаптары мен балық өнімдерін заңсыз аулау және айналымға жіберу үшін қарастырылған жауапкершілік туралы ақпарат берілуде.

Полиция бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Негізгі мақсат — экологиялық қылмыстардың алдын алу және елдің табиғи ресурстарын сақтау.