Бүгіннен бастап Алматыда Уәлиханов көшесінің Қабанбай батыр көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізіледі.
Сондай-ақ Жуков көшесінде (оңтүстік бағытта) және Манаев көшесінде (солтүстік бағытта) Затаевич көшесінен Ахмедьяров көшесіне дейінгі аралықта біржақты қозғалыс ұйымдастырылады.
Қалалық жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, шешім Алматы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Бұл көлік жүктемесін азайтуға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және жолдағы шиеленісті жағдайлар санын төмендетуге бағытталған. Өзгеріс қазіргі көлік жағдайын талдау және аудан тұрғындарының өтінішін ескере отырып қабылданды, — делінген хабарламада.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, біржақты қозғалыс пилоттық режимде енгізіледі. Оның тиімділігіне жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша алдағы шешімдер қабылданады.