Астанада аурухана медбикесінен қауіпті жұқпалы ауру анықталды

Фото: pixabay

Астана қалалық №1 балалар ауруханасының медбикесінен қауіпті жұқпалы дерт табылды.

Медицина қызметкері ерте жастағы балалар патологиясы бөлімшесінде жұмыс істеген. Бұл бөлімде бір жасқа дейінгі нәрестелер ем қабылдайды. Жарияланған құжатқа сәйкес, әйелден оң жақ өкпенің ыдырау және себілу фазасындағы инфильтративті туберкулез диагнозы қойылған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медбикенің жұмысқа толық рұқсаты болған және ол бұған дейін туберкулезбен ауыратындармен байланыста болғандар тізімінде тіркелмеген. Сондай-ақ ол соңғы рет 2026 жылдың ақпан айында жоспарлы флюорографиядан өтіп, тексеру қорытындысында ешқандай патология анықталмаған. Әйел адам денсаулығының нашарлауына байланысты дәрігер көмегіне сәуір айында жүгінгені белгілі болды.

Медбике соңғы рет жұмыс орнында 24 сәуірде болған. Ал 27 сәуірден бастап ол қалалық фтизиопульмонология орталығына жатқызылып, ем қабылдауда.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дерт анықталған бойда шұғыл санитарлық және тексеру шараларын бастап кеткен. Ауруханада науқаспен байланыста болған 39 қызметкер қайта тексеруден өтті. Олардың барлығының сараптама нәтижесі таза болып шықты. Сонымен қатар, медициналық мекемеде қосымша санитарлық тазалық шаралары жүргізілді: бөлмелер мен төсек-орындар арнайы өңдеуден өтіп, палаталарды кварцтау және желдету режимі күшейтілді.

Қазіргі таңда мамандар медбикемен байланыста болған балалардың тізімін жасап шықты, олар алдағы уақытта жаппай медициналық тексеруден өткізіледі.