ІІМ sim-карталарды бөгде адамдарға беруге болмайтынын ескертті

Фото: istockphoto.com

ІІМ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды үшінші тұлғаларға беру фактілері туралы мәлімдеді. Алаяқтар жасөспірімдерден sim-карталар мен аккаунттар алып, оларды өз мақсаттарына пайдалануда. Полиция мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде сараланатынын ескертті.

- Кәмелетке толмағандардың материалдық сыйақы алу мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үшінші тұлғалардың өтінішімен sim-карталарды іске қосып, оларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тіркеп, кейін басқа адамдарға беру жағдайлары тіркелуде. Қаскөйлер бұл аккаунттарды азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қаралады, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.

ІІМ азаматтарды:

  • шығу тегі күмәнді sim-карталар мен құрылғыларды сатып алмауға және таратпауға;
  • өз аккаунттарын үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеуге;
  • кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттердің жауапкершілігі мен салдарын түсіндіруге;
  • абоненттік нөмірлерді мессенджерлерде тіркеп, кейін оларды бөгде адамдарға бермеуге;
  • күдікті әрекеттер байқалса, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Полиция цифрлық кеңістіктің барлық қатысушыларына қырағы болуды ұсынады.