27-29 мамыр аралығында мұсылмандар қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Осы қарсаңда сарапшылар құрбандыққа шалынатын мал бағасының өскенін тіркеді.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының басым бөлігі бойынша мал саны өсуін жалғастыруда. 2026 жылғы наурыздың соңындағы мәліметтер бойынша, ірі қара мал саны 9,2 млн басқа жетті - бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 2,9%-ға артық.
Соның ішінде сиыр саны 2,8%-ға ұлғайып, 4,5 млн басты құрады. Қой саны 2,3%-ға өсіп, 21,1 млн бастан асты, ал ешкі саны 2,1%-ға көбейіп, 2 млн басқа жетті.
Ең елеулі өсім жылқы шаруашылығында тіркелді: бір жылда бірден 7,1%-ға артып, 4,8 млн басты құрады. Түйе саны 2%-ға өсіп, 312,6 мың басты құрады.
Елдегі малдың негізгі бөлігі әлі де халық шаруашылықтары мен фермерлік секторда шоғырланған. Мәселен, 9,2 млн бас ірі қара малдың 4,2 млн-нан астамы халық шаруашылықтарында, тағы 4 млн-ға жуығы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында бағылуда.
Осындай жағдай қой шаруашылығында да байқалады: 21,1 млн қойдың жартысынан астамы фермерлік қожалықтарда сақталуда. Ешкі шаруашылығында халық шаруашылықтары басымдыққа ие, мұнда жалпы санның 1,3 млн-нан астам басы шоғырланған.
Ірі қара мал саны бойынша ең ірі аймақ - Түркістан облысы, мұнда 1,2 млн бас мал есепке алынған. Сондай-ақ, бұл облыс сиыр (590,6 мың), қой (4,7 млн) және жылқы (509,6 мың) саны бойынша да көш бастап тұр. Ешкінің ең көп саны Жетісу облысында тіркелді - 232 мың бас. Ал түйе ең көп бағылатын өңір Маңғыстау облысы болды - 113,6 мың бас, бұл елдегі жалпы түйе санының үштен бірінен астамын құрайды.
Мал басының өсуі оның қымбаттауымен қатар жүруде. Ағымдағы жылдың наурыз айында базарлардағы бір сиырдың орташа бағасы 489,3 мың теңгені, бұқа - 526,7 мың теңгені, жылқы - 581,3 мың теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының негізгі түрлері арасында ең қымбаты түйелер болды: ірі түйенің (інген емес) орташа құны 804 мың теңгеден, ал інгеннің бағасы 782 мың теңгеден асты. Қойлар орташа есеппен бір бас үшін 77,2 мың теңгеден, қошқарлар - 86,3 мың теңгеден, ал ешкілер - 46,3 мың теңгеден сатылды.
Құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынатын малға деген маусымдық сұраныстың артуы да нарыққа қосымша әсерін тигізуде.
2026 жылы Қазақстанда тұңғыш рет ҚМДБ-ның арнайы платформасы арқылы онлайн режимінде құрбандық шалу мүмкіндігі іске қосылды. Бұл мал сатып алу мен ет таратудың үйреншікті форматын ішінара өзгертуі мүмкін.
Құрбандық шалу қызметінің бағасы таңдалған мал түрі мен аймаққа байланысты әртүрлі болады.
Мәселен, ірі қара мал (ІҚМ) үшін 630 мыңнан 945 мың теңгеге дейін, қой үшін - 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, ешкі (теке) үшін - 55 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сұралады. Ал түйеге тапсырыс беруге болатын барлық аймақтарда бірыңғай баға - 1,1 млн теңге болып белгіленген.
Өндірушілердегі мал шаруашылығы өнімінің тірідей салмақтағы құны бір жыл ішінде малдың барлық негізгі түрлері бойынша өсті.
Ағымдағы жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша, ірі қара мал бағасы өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 15,6%-ға, жылқы - 9%-ға, қой - 8,8%-ға артты.
ІҚМ бағасының ең айтарлықтай өсімі Абай облысында тіркелді - бір жылда бірден 42,1%-ға өскен.
Сондай-ақ бағаның елеулі қымбаттауы Қарағанды (32,3%-ға), Түркістан (30,3%-ға) және Қостанай (28,8%-ға) облыстарында байқалды.
Жылқы сегментінде ең жоғары баға өсімі Абай (38,8%-ға) және Маңғыстау (24,5%-ға) облыстарында, ал қой бойынша - Абай (42%-ға) және Атырау (28,7%-ға) облыстарында белгіленді.
Бұл ретте, соңғы жылдардың динамикасы баға өсімінің дәл осы 2026 жылы жеделдегенін көрсетеді. Егер 2023–2025 жылдары ІҚМ құны жылына 4%–6% шегінде ғана өссе, ағымдағы жылы өсім қарқыны 15,6%-ға дейін артты. Осындай үрдіс қой мен жылқы бойынша да байқалып отыр.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның мал шаруашылығы нарығы мал саны бойынша да, жануарлардың құны бойынша да кеңеюін жалғастыруда. Дегенмен, ұсыныстың артуымен қатар, әсіресе дәстүрлі маусымдық сұранысқа байланысты сегменттерде баға қысымы да күшейіп келеді.
Құрбан айт аясында бұл үрдіс, елдегі мал басының үздіксіз өсуіне қарамастан, халық шығындарының одан әрі артуына әкелуі мүмкін.