Шымкент – кітап оқитын қала! Былтыр қыркүйек айынан бастап қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы өз мәресіне жетті. Қысқа мерзім ішінде бұл бастама қала тұрғындарының рухани серпілісіне айналып, қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа сатысына жол ашты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – ұлттың зияткерлік деңгейін арттыратын ең маңызды құндылықтардың бірі», – деп атап өткен болатын. Осы мақсатта басталған жобаның нәтижесі көңіл қуантады.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Біз Шымкентті тек дамыған, алға жылжыған мегаполис ретінде емес, руханияты биік, кітап оқу мәдениеті қалыптасқан интеллектуалды қала ретінде де дамытуымыз қажет. Еліміздің ертеңі білімді, парасатты әрі кітапсүйер ұрпақтың қолында.
Ауқымды жоба 6 негізгі бағыт бойынша жүзеге асты. Білім сайысында мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін бақ сынады. 15 мың отбасы әулетімен кітап оқыды. Нәтижесінде 8 ай ішінде 66 мыңнан астам адам қамтылып, олар орта есеппен 15 кітаптан оқыған. Осылайша, мегаполисте оқылған кітаптардың жалпы саны жарты миллионнан асты.
ГҮЛМИРА МЫРЗАЛИЕВА, ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ:
Бұл менің хоббиім былайша айтқанда да. Өзім кітап оқығанға өте құмар болғандықтан отбасымды да осыған тартым, осыған қатысайық деп. Еңбегіміз еш болмады. Оқыдық, талдадық, бірақ керемет дүниені алдық, рухани байыдық.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба тек кітап оқумен шектелмей, қатысушыларды ынталандыру мақсатында қомақты жүлде қорымен де ерекшеленген.
Сәтті өткен пилоттық жоба алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, озық ойлы буынды қалыптастыруға қызмет ете бермек.