Қызылордада 300-ден аса жас «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында бас қосты. Олар жастардың қазіргі қоғамдағы рөлі, кәсіби дамуы, медиа, азаматтық ұстаным және заманауи жастардың көзқарасы төңірегінде пікір алмасты. «АMANAT» партиясы Қызылорда Облыстық Филиалының төрағасы Жандос Базартай, партия жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, «Қазақстан КВН Одағы»-ның Президенті Есен Елеукен өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар спикерлерге сауалдарын қойып, еркін форматта пікір алмасты. Іс-шара барысында бірқатар белсенді жастар марапатталды. Мұндай кездесулер дамушы, белсенді жастарға жігер сыйлайды дейді ұйымдастырушылар.
ӘСЕТХАН БАЙМҰРЗА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Негізгі мақсат- арнайы қонақтарымыз, жұлдыздар жастармен бір алаңда, бір толқында, бір деңгейде пікір алмасу. Өзіне қажетті бағыттарға, қажетті сұрақтарға жауабын алу және керекті арман-мақсат мүдделері, жоспарлары болса сол кісілермен тікелей байланыстыру және әрі қарай өсетін жастарымыздың бағытын таңдап беру болып табылады.
Ал Түркістанда өткен жастар форумы жасанды интеллект пен киберқауіпсіздікке арналды. Форумға қатысушылар алдымен қаланың туристік орталық ретіндегі мәртебесін айшықтайтын нысандағы тарихи экспозициялармен танысты. Дала мәдениетін, түркі дүниесінің ортақтығын білдіретін 3D проекциядағы тарихи оқиғалардың бейнереконструкциясын тамашалады. Форум барысында жастар спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты. Қатысушылар әсіресе жасанды интеллектінің болашақтағы рөлі, әлеуметтік желідегі қауіпсіздік, интернет алаяқтықтан қорғану жолдары, қаржылық сауаттылықты арттыру және құқықтық мәдениет мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты.
ЕРКЕБҰЛАН МАДИЯРҰЛЫ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Технологиялық жаңа жетістіктерді жастардың бойына жақсы бағытта, дұрыс бағытта қалыптастыру. Оларды білеміз қазір иә, шыққан технологияның әрқайсысы бірі вирусты болатын болса, бірі пайдалы болып келеді. Енді осы өзіміздің қазіргі жаңа жаһандық жаңа технологияларды өзіміздің жастардың бойына дұрыс бағытта сіңіру негізгі біздің жоспарымыз болады.