Атырау қаласының №2 соты жануарға қатыгездікпен қараған ер адамға қатысты істі қарап, оны 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады. Сотталушы «Герда» атты итке қасақана зақым келтіргені үшін кінәлі деп танылды.
Айыпталушы орта дәрежедегі масаң күйде, өзінің ауласында «Герда» атты итті жарақаттау үшін күрекпен иттің беті мен басына бірнеше рет соққы жасаған.
«Итке қатыгездікпен қарау және келтірілген соққылар нәтижесінде итте гематомалар, жұмсақ тіндердің ісінуі, әртүрлі анатомиялық аймақтарда пальпация кезінде айқын ауырсыну түрінде көптеген дене жарақаты анықталып, жануардың жағдайы ауырлығы орташа дәрежеде бағаланған. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады», – делінген соттың хабарламасында.
ҚК-нің 316-бабының 1-бөлігінің санкциясында 120 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмысына, не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту, не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жаза көзделген.
«Сот үкімімен айыпталушы ҚК-нің 316-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оның материалдық жағдайы, кәмелетке толмаған баласының болуы ескерілее отырып, оған 100 (жүз) сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.