Австрияда ұшақ пен парапланшы соқтығысып қалды

Фото: скриншот

Австриядағы Зальцбург жерінде жеңіл моторлы ұшақ әуеде парапланшы әйелмен соқтығысты.

ТАСС ақпаратына сәйкес, оқиға сенбі күні жергілікті уақытпен сағат 13:15 шамасында Пизендорф коммунасының аймағында болған.

Полицияның мәліметінше, «Cessna 172» ұшағының штурвалында Тирольдің 28 жастағы тұрғыны болған. Ол дер кезінде бұрылып үлгермегенін, соның салдарынан парапланның күмбезіне соғылғанын хабарлады. Ұшақтың винті спортшының жабдықтарын қатты зақымдаған.

Сол сәтте 44 жастағы тәжірибелі парапланшы әйел қосалқы парашютті ашып үлгеріп, орман жолына шұғыл қонған.

Әйел тікұшақпен Целль-ам-Зе қаласына жеткізілді. Оқыс оқиғадан қатысушылардың екеуі де ауыр жарақат алмаған.

Парапланшы әйелдің ұшу сәтін видеоға түсіріп жатқаны және соқтығысудан кейін де жазбаны тоқтатпағаны белгілі болды.

Кейінірек ол видеоны Instagram-да жариялап, бұл күнді өзінің «екінші туған күні» деп атады.