Қазақстанда жазғы демалыс кезінде 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейтін болады, олар 3,2 млн баланы бос уақытымен және сауықтырумен қамтиды.Үкімет отырысында жазғы маусымды ұйымдастыру жоспарлары туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.
Оның айтуынша, мектептер жанындағы демалыс орталықтарында 3 млн-ға жуық бала уақыт өткізсе, тағы 168 мың оқушы маусымдық орталықтарда, ал 44 мыңнан астамы жыл бойғы орталықтарға барады.
Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың бала жазғы демалыс бағдарламасымен қамтылады.
Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады.