ҰБТ-ға қатысуға 239 мыңнан астам адам тіркелген

Фото: Ұлттық тест орталығы

Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттерде оқу жылының аяқталғаны және Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілгені туралы баяндады.Ол жалпы жоғары білім беру жүйесі оқу жылын тұрақты режимде аяқтағанын атап өтті.

«Бүгінгі таңдағы басты міндет – жоғары білімнің қолжетімділігін ғана емес, сонымен қатар экономиканың, өңірлік даму мен еліміздің технологиялық трансформациясының қажеттіліктеріне тікелей байланысты кадрлар даярлауды қамтамасыз ету»,- деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министр 2026 жылы оқуды 215 мыңға жуық оқушы аяқтайтынын айтты. ҰБТ-ға қатысуға 239 мыңнан астам адам тіркелді, оның ішінде өткен жылдар мен колледждердің түлектері бар. Ал 200 мыңға жуығы – биылғы жылдың түлектері.

Бүгінгі таңда ҰБТ өткізу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар үйлестірілген. Барлық өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, жоғары оқу орындары мен білім басқармаларының қатысуымен мемлекеттік комиссиялар құрылды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырдан 10 шілдеге дейін өтеді. Биылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер екі рет тестілеуден өтіп, үздік нәтижемен гранттар конкурсына қатыса алады.

Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушылар дұрыс және бұрыс жауаптар туралы ақпаратты ғана емес, сонымен қатар нәтижелердің толық талдауын ала алады.