Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады

фото: pixabay

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қостанай облысындағы филиалының мәліметіне сәйкес, жаз мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі.

Шектеу 2026 жылдың 1 маусымы мен 15 тамызы аралығында ауа температурасы 25 градустан асқан кезде күшіне енеді.

Ережеге сәйкес, сағат 11:00 мен 21:00 аралығында бір өске түсетін жүктеме салмағы 8 тоннадан асатын көліктердің қозғалысына тыйым салынады.

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, бұл шара асфальт жабынының бүлінуіне жол бермеу үшін қажет. Қазірдің өзінде республикалық маңызы бар трассаларда ауыр жүк көліктеріне қатысты уақытша жол белгісі орнатылған.

Тасымалдаушылар мен жүргізушілерден жолдың бағытын алдын ала жоспарлап, ережені бұзбау керегі ескертіледі.