Қазақстанның 500 мектебінде жасанды интеллекті енгізіледі

Фото: ChatGPT

Пилоттық жоба үш оқу жылына арналған және білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі Кешенді жоспардың бөлігі болады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Оның айтуынша, жұмыс Мемлекет басшысының осы жылдың 12 мамырында қол қойған Жарлығы аясында жүргізілуде және инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап педагогтарды даярлауға және балалардың дербес деректерін қорғауға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.

«Оған байланысты үлкен жарлыққа қол қойылды. Соның бес бағытында үлкен жұмыс қарастырылып, жоспарлануда»,— деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова пилоттық жобаға бүкіл ел бойынша 500 мектеп кіретінін атап өтті.

«Ең бірінші, пилоттық жобада кешенді жоспар жүзеге асырылады. Кешенді жоспарды Үкіметке енгізетін боламыз. Жалпы 500 мектеп айқындалады, соның ішінде: 100 мектеп – «Келешек мектептері», 150 мектеп – бұл толық, ауыл, сонымен бірге қала мектептері, 250 мектеп – шағын жинақты мектептер мәселесі. Осы арқылы біз жасанды интеллект технологиясын білім беру жүйесіне енгізу, ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті мейлінше азайтуға байланысты бірқатар шара қабылдайтын боламыз», — деді оқу-ағарту министрі.