Құрбан айт мерекесінде сойылатын мал саны шамамен 1млннан асады. Оның жартысынан көбі әрине, қой мен ешкі. Бұл түлік түрлері бір адамның атынан шалынса, ірі қара мен түйені жеті адамға дейін бірігіп союға болады. Ал базардағы баға қандай? Тілші тарқатсын.
СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:
Қазақ мал баққанға бітеді дейді. Ал Құрбан айт қарсаңында төрт түліктің қадірі тіпті арта түседі. Соның ішінде осы шопан ата тұқымына сұраныс ерекше. Себебі сауда мен сауап тоғысқан жерде, қойды көлікке тиеп не осы жерден сойып алып кетсеңіз де болады.
Иә, бұл күндері базарда жұрт қарасы көбейеді. Ал сұраныс артса, нарықтың да құбылатыны бар. Биыл қой бағасы кей өңірде 60 мың теңгеден басталса, кейбір аймақта 150 мың теңгеге жетеді. Ең арзан баға Ақтөбе, Қарағанды, Орал және Шымкент қалаларында, ал Астанада және батыс пен оңтүстікте баға шарықтаған. Бірақ, оған қарап жатқан ешкім жоқ.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қойдың бәрі болады, енді. Бәрі де баққан мал ғой. Малшы, диқандардың баққан малы ғой. Ешкім арзанға бергісі келмейді ғой, оны. Қыстай бақса, оны арзанға беруге болмайды ғой. Оны түсінуге болады.
Базардан бөлек, онлайн сауда да қыза түскен. Түлігін тиктокта жарнамалап, игі істі инстаграмда ілгерілеткендер де бар.
БЕКСҰЛТАН ӘМІРХАН, КӘСІПКЕР:
Бізде постоянно 500 адам 300 адам қарап отырады тиктоктан. Оның 500-інің бір 10 адамы алады. Күнделікті келіп, бізден.
АСҚАР МАНАНБАЙ, КӘСІПКЕР:
Бұл жан жақтың бәрінен кеп жатыр. Қазақстаннан бүкіл. Оралдан да кеп жатыр. Ақтөбеден де кегендер бар екен. Бірақ мен өзімдікі Ақжалдан. Балқаш жақтан әкелдім. Таудың малдарын.
Қасиетті мерекедегі бұл іс шариғатпен ғана емес, заңмен де реттеледі. Құрбандық есепке алу номерлері бар бекеттерде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе арнаулы сою алаңдарында жүргізілуі тиіс.
ӘСКЕРБЕК ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІ АСТАНА ҚАЛАСЫ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің ветеринария заңнамасында малдарды мынау аулада не болмаса өздігінен белгіленбеген жерде союға тыйым салынған. Ол бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке оның иесі тартылады.
Құрбандық шалам деген жамағат базарға барып мал іздеп, уақытын зая кетірмесе де болады. ҚМДБ ұсынған арнайы сайтта ақысын төлеп, онлайн құрбандық шала аласыз. Сонымен қатар платформада етті тарату қызметі де бар.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
Онлайн құрбандық жүйесінің негізгі мақсаты азаматтарға құрбан шалу рәсімін заманауи, цифрлық форматта әрі сенімді түрде орындауға мүмкіндік беру. Сондай-ақ мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді жүйелі ұйымдастыру.
Құрбан айт тек құрбан шалу емес, бұл мейірім мен мұқтажға қолдау көрсетіп, ағайын арасын жақындататын мереке. Айттың басты құндылығы да дастарханның молдығында емес, жүректің кеңдігінде жатыр.