Қазақстандық оқушы қыздар мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетін, су тасқынын бақылап, Паркинсон ауруын ерте анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі қосымшалар әзірледі. Астанада халықаралық Technovation Girls бағдарламасы маусымының қорытындысы шықты. Арнайы номинациялар бойынша үздік жобаларды Yandex Qazaqstan IT-компаниясы атап өтті. Толығырақ тілші материалында.
Technovation Girls халықаралық бағдарламасының осы маусымында еліміздің әр аймағынан келген мектеп оқушылары әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған технологиялық жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Әзірлемелердің қатарында адамның қозғалысы арқылы Паркинсон ауруының алғашқы белгілерін анықтайтын AI-қосымша, су тасқынын нақты уақыт режимінде бақылау жүйесі, әйелдерге арналған шұғыл көмек көрсету сервисі, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған жандарға музыканы діріл арқылы сезінуге мүмкіндік беретін қызмет бар. Осы және өзге де жобаларды арнайы номинациялар бойынша Yandex Qazaqstan компаниясы атап өтті.
КӘУСАР АМАНТАЙ, “TECHNOVATION GIRLS” БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:
Біз зерттеу жүргізіп, ерекше қажеттіліктері бар жандардың арасында әлеуметтік байланыс деңгейі төмен болатынын анықтадық. Осыған орай, біз арнайы жоба әзірледік. Онда ерекше бала тіркеліп, өз армандары мен мақсаттары туралы айтады. Осылайша, жасанды интеллект оған қызығушылықтары мен жасына сай келетін достар тауып береді. Олар платформа ішінде бір-біріне хат жазып, дос бола алады.
Бағдарламаға қатысу үшін биыл жалпы саны 2000-нан астам өтінім түскен. Оның ішінен 154 команда іріктеуден өтті. Бірнеше ай бойы оқушы қыздар IT, бизнес және білім беру салаларының менторларымен және сарапшыларымен бірге жұмыс істеді. Осы маусымда қатысушыларға 241 маман бағыт-бағдар берді. Оның 74-і - Yandex Qazaqstan қызметкерлері. Айта кетейік, компания бұл бағдарламаға қатарынан үшінші жыл қолдау көрсетіп келеді. Тек серіктес ретінде ғана емес, білім беру процесінің тікелей қатысушысы ретінде де белсенді.
ЖАНАР МАХАМБЕТОВА, YANDEX QAZAQSTAN ӨКІЛІ:
Technovation Girls — бұл қатысушылар өздерінің технологиялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра алатын бірегей жоба. Қыздар мұнда адамдардың күнделікті өмірде қолдана алатын нақты қосымшаларын жасап шығарады. Біз үшін бұл жобалардың басым бөлігінің әлеуметтік маңызы бар екені өте маңызды. Көптеген жұмыстар қоршаған ортаны қорғауға, қалалық өмірдің сапасын жақсартуға және инклюзияны дамытуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ірі IT-компаниялардың қатысуы командалардың дайындық деңгейіне тікелей әсер етеді және оқушы қыздарға өз жобаларын соңғы кезеңге дейін жеткізуге көмектеседі.
ДИНАРА ӘЛІМОВА, TECHNOVATION GIRLS ӨКІЛІ:
Яндекс компаниясы бізбен үшінші жыл бірге жұмыс істеп келеді. Yandex Qazaqstan бізге тек қаржылай демеушілік жасаған компаниясы ғана емес, бұл - біздің технологиялық серіктесіміз. Олар бізді білікті менторлармен қамтамасыз етіп отыр. Менторлар – бұл командаларға жобаны соңына дейін жеткізуге көмектесетін компанияның жоғары білікті мамандары.
Бұған дейін қатысушылар өз әзірлемелерін Technovation Girls байқауының халықаралық жартылай финалына жіберіп қойған. Финалистер жазда белгілі болады, ал жаһандық байқаудың жеңімпаздары күзде өтетін бағдарламаның бүкіләлемдік саммитінде анықталады.