Қазақстан жолбарысты оның тарихи таралу аймағына қайтару бағдарламасының негізгі кезеңін бастады. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресей Федерациясынан әкелінген төрт амур жолбарысы – екі ересек дарақ және жолбарыстың екі төлі жеткізілді. Жануарлар Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, Орталық Азияда ірі жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық ынтымақтастық шеңберінде берілді, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Қайта жерсіндіру бағдарламасы жолбарысты 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен өңірге қайтаруға бағытталған. Қазақстан оны практикалық іске асыруға 2010 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен жолбарысты сақтау жөніндегі форумда қол жеткізілген халықаралық уағдаластықтардан кейін кірісті. Аталған форумда жолбарыс таралған елдер жабайы табиғаттағы жолбарыстардың санын қалпына келтіру ниетін растады, ал Қазақстан тиісті жобаны іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылардың бірлескен зерттеулерінің қорытындысы бойынша қайта жерсіндіру үшін ең қолайлы аумақ ретінде оңтүстік Балқаш өңірі – Іле өзенінің атырауы ауданы және оған іргелес табиғи кешендер айқындалды. Жобаны іске асыруға дайындық шеңберінде осы өңірде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, негізгі мекендеу орындарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ жануарларды ұстау, бейімдеу және кейіннен жабайы табиғатқа жіберу үшін инфрақұрылым қалыптастырылды.
2025 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары кезеңінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына амур жолбарыстарын әкелу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды. Құжат жоба шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастықты іске асырудың практикалық тетіктерін бекітті.
Қазақстанға келгеннен кейін жолбарыстар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы дайындалған қоршауларына орналастырылып, мамандардың бақылауына алынды. Алдағы кезеңде карантин, бейімдеу және жануарлардың жай-күйін кешенді бағалау шаралары көзделген. Табиғи мекендеу ортасына жіберер алдында жолбарыстарға спутниктік қарғыбаулар тағылып, бұл олардың қозғалысын тұрақты бақылауды және мамандардың жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыру өңірдегі ең маңызды табиғат қорғау бастамаларының бірі ретінде қарастырылады. Іле өзенінің атырауы мен оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыру экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге, экожүйелерді қорғауды күшейтуге және биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы Қазақстанның халықаралық мәртебесін арттыруға ықпал ететін болады.