«Мәңгілік достық пен тату көршіліктің 7 негізі» туралы тарихи құжатқа қол қойылды

Астана мен Мәскеу арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа белеске көтерілді. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер барысында қос мемлекет басшылары «Мәңгілік достық пен тату көршіліктің 7 негізі» туралы тарихи құжатқа қол қойды. Бұдан бөлек, тараптар «Балқаш» атом электр станциясын салу, жасанды интеллект бағытындағы тегін мектеп ашу және пилотсыз халықаралық жүк тасымалы сияқты алып жобаларды бірлесе іске асыруға уағдаласты. 

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Ресей арасындағы ортақ шекара   7500 шақырымнан асады. Бұл - әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Мұндай географиялық орналасу екі елді еріксіз тығыз байланыста болуға міндеттейді. Қос ел экономикалық тұрғыдан да өзара белді серіктес. Тауар айналымы жылына 27 млрд доллардан асады. Көрші ел басшысы Владимир Путиннің елімізге мемлекеттік сапары арадағы стратегиялық байланысты дамытудың маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.

Қазақстан мен Ресей - Еуразия кеңістігінің өзегі. Мұндағы қауіпсіздік екі елдің ортақ жауапкершілігі. Әлемдік саясат сан құбылған заманда өзара құрмет пен татулықты ту еткен көршілік пен тең құқылы әріптестік – ең басты сенім валютасына айналып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сан қырлы серіктестігіміз қос халыққа нақты пайда әкелетін ауқымды жобаларға негізделеді. Сауда-экономикалық байланыстардың орнықтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі екі ел экономикасының негізгі салаларындағы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Соңғы бес жылда тек агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 1 миллиард долларға ұлғайды.

Қазақстанға инвестиция құятын елдердің ішінде Ресей 29 млрд доллармен көш басында. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард долларға жетті. Екі елге ортақ 177 жоба бар. Оның 122-сі толық іске кіріскен. Көршінің 20 мың компаниясы елімізде емін-еркін жұмыс істеп тұр.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады.

Былтыр ортадағы жүк тасымалы 92 млн тоннадан асқан. Өсім - 3,4 процент. Логистиканы жетілдіру үшін Астана мен Мәскеу арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынай бастады. 3 мың шақырымды тоқтаусыз 2 күнде жүріп өтетін пилотсыз көліктер  жол уақытын 2 есе қысқартып отыр.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Владимир Путинмен бірге Қазақстанға 30 шақты министр, 100-ден астам журналист келген. Бұл әдеттегі шетел делегациясынан едәуір көп. Тараптар шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қазір екі ел президенті журналистердің алдына шығып, брифинг өткізеді.

Ресейлік Сириус мектептер желісінің Астанада филиалы ашылады. Мектеп құрылысының алғашқы капсуласы брифинг барысында онлайн қаланды. Ғарыш пен жасанды интеллектке басымдық беретін білім ордасы өзіміздің қлттық оқу стандарттарына сәйкестендіріледі. Оқу - тегін.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: 

Жаратылыстану бағытындағы тереңдетілген білім. Бізде жұмыс тобы құрылған.  Жаңа конституциядағы құндылықтар мен нормалар негізінде осы экперттік топ интеграцияланған бағдарламалар қарастырады. Сол бағдарламалармен оқытылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Омбы қаласында филиалы табысты жұмыс істеп тұр. Тараптар Ресей азаматтарының аталған оқу ордасында білім алуын қаржыландыру бойынша келісімге келді.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктестік пен тату одақтастық қатынастардың 7 негізі туралы бірлескен құжатты қабылдады. Мәңгілік доспыз деп екі ел президенттері ресми құжатпен бекітті. Сонымен қатар атом электр станциясын салу мен қаржыландыру бойынша қорытынды келісімге келді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді.

Қос ел қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.  Сан жылғы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға да екі жақтап күш салмақ.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Энергетика, қаржы секторларынан бастап, денсаулық сақтау және білім беру секілді түрлі саланы қамтитын маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар қабылданды. Келіссөздер барысында экономикалық ықпалдастыққа баса назар аударылды. Бүгінгі сапар мен келіссөздер халықтарымыздың игілігі үшін Ресей-Қазақстан сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға серпін береріне сенімдімін.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қол қойылған құжаттар мен айтылған мәлімдемелерден ұққанымыз - Астана мен Мәскеу прагматикалық әрі өзара тиімді байланысты нығайтуға мүдделі. Иә, тараптардың жаһандық мәселелерде өз ұстанымдары бар, алайда бұл сапар ортақ экономикалық мүдде мен көпжылдық тату көршілік дипломатиясының бәрінен де жоғары тұратынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Геосаяси құбылыстар белең алған тұста, көршілес екі елдің мұндай қадамдары өңірлік тұрақтылықтың маңызды кепілі болып қалмақ.