Оралда Еуразиялық логистикалық хаб салынады

Оралда құны 130 миллион доллар болатын Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың құрылысы басталды. Бұл жоба Президенттің инвестиция тартып, жоғары технологиялық өндірісті дамыту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Хаб Қытай, Еуропа, Ресей мен Орталық Азия арасындағы жүк тасымалын байланыстыратын маңызды дәлізге айналады.

Оралдың іргесінен салынатын хаб биыл пайдалануға беріледі. Мұнда 500-дей жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба халықаралық сауданы күшейтіп, өңірдің транзиттік әлеуетін арттырмақ.

СҰЛТАНҒАЛИ КЕНЖЕҚҰЛОВ, "KAZAKHINVEST" ҰК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Осы логистикалық хабта үлкен складтар болады. А деңгейіндегі склад. А деңгейі деген ең үлкен, ең сапасы жақсы складтар. Транзиттік хаб ретінде тауарларды алып келеді. Оларды жинап, Ресей болсын, Еуропа болсын сол нарықтарға шығарады.

Үш жылдың ішінде Оралға 5 миллиард доллардай тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Облыс бұл көрсеткіш бойынша еліміздегі алдыңғы орында.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

БҚО-ға соңғы 3 жылда 2,3 триллион теңге инвестиция тарттық. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 22,4% былтырғы жылдың осындай уақытымен салыстырғанда артығымен орындадық. 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту биылғы 2026 жылдың жоспары.

Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 9 мыңдай қытайлық компаниямен 250-ден астам бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Еуразиялық логистикалық хаб - солардың бірі.

ЧЖАН НАН, ҚХР-НЫҢ АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Еуразиялық логистикалық хаб» жобасы - Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір жарқын нәтижесі. Бұл бастама жергілікті халықты жұмыспен қамтып, логистика мен қоймалық сақтау әлеуетін арттыруға оң әсер етеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

Хаб іске қосылғасын, Орал тек Қазақстанның батысындағы ғана емес, Еуразиядағы ірі логистикалық нүктелердің біріне айналмақ.