Отандық дәрігерлер өкпенің сирек кездесетін ауруымен ауыратын науқасқа сәтті операция жасады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында алғаш рет сирек кездесетін өкпе ауруы - өкпенің альвеолярлық протеинозымен ауыратын пациентке тотальды бронхоальвеолярлық лаваж сәтті жүргізілді.

Жоғары технологиялық емшара эндоскопия бөлімшесінде бірсаңылаулы интубациялық түтік пен кеуде қуысына вибромассаж жасау әдісін қолдану арқылы орындалды.

Операцияныэндоскопист дәрігер Бахтияр Абзалыұлы Тұрғымбаев реанимация бөлімшесінің мамандарымен, торакалдық хирургтермен және Орталықтың пульмонолог дәрігерлерімен бірлесіп жүргізді.

33 жастағы пациент ауыр жағдайда, айқын тыныс жеткіліксіздігімен түсті. Ауруханаға түскен кездегі сатурация деңгейі шамамен 80%-ды құрады.

Жүргізілген емнен кейін айқын оң динамика байқалды: сатурация деңгейі 95–97%-ға дейін көтеріліп, тыныс алу қызметі мен науқастың жалпы жағдайы едәуір жақсарды.

Аталған клиникалық жағдайдың ерекшелігі - бронх ағашына кезең-кезеңімен сегментарлық лаваж жасау мен кеуде қуысына вибромассажды қатар қолдану болды. Бұл альвеолалардағы ақуызды-липидті массаларды тиімді түрде шығаруға мүмкіндік берді.

Өкпенің альвеолярлық протеинозы - өте сирек кездесетін ауру, ол шамамен 2 миллион халықтың 1–2 адамында ғана анықталады. Бүгінде тотальды бронхоальвеолярлық лаваж осы патологияны емдеудің негізгі әрі ең тиімді әдісі болып саналады.