Астана – жаһандық саясат пен ірі экономикалық шешімдердің орталығына айналды. Елордада бес елдің басшысы бас қосып, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізді. Биыл бұл беделді ұйымға Қазақстан төрағалық етуде. Әлемдік нарықтағы құбылмалы ахуал мен геосаяси текетірестерге қарамастан, одаққа мүше мемлекеттер алыс-берісті суытпай, экономикалық интеграцияны мүлдем жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Тараптар бұл жолы саясатты ысырып қойып, таза прагматикалық бағытқа, оның ішінде жасанды интеллект пен жаңа нарықтарды бағындыруға баса назар аударды.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Астанада 5 елдің басшысы тәуелсіздік сарайында бас қосты. Елімізде мемлекеттік сапармен жүрген Ресей президенті Владимир Путиннен бөлек, Белорусь басшысы Александр Лукошенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев бар. Ал Армения, Куба мен Иранан вице-премьерлер келген. Көшбасшылардың көздегені - Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы. Одаққа биыл Қазақстан төраға. Тараптар халықаралық геосаяси шиеленіске қарамастан аймақтағы алыс-берісті әлсіретпей, экономикалық интеграцияны жаңа деңгейге шығарудың төте жолдарын талқылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді. Қазіргі сәтте Бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр.
Әлемдік нарықтағы ахуал көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры биыл жаһандық экономиканың өсімі 3%-ға дейін баяулайды деп болжайды. Мұндай трансформациялық процестер одақ экономикасын да айналып өтпесі белгілі. Сондықтан аймақ елдері жасанды интеллектке иек артуды жөн көрді. Өткені әлем бойынша ЖИ-ге 1 трлн доллар инвестиция құйылған. Алдағы 10 жылда бұл көрсеткіш 7 есе артуы мүмкін. Бұл болашақтың жасанды интеллектке тікелей байланғанын көрсетеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұзақмерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Саммиттің басты лейтмотиві — «саясатсыз таза экономика». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев одақтың алғашқы құрылу миссиясынан ауытқымау қажеттігін тағы да шегелеп айтты. Отырыс барысында төрт еркіндік — тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болды. Сондай-ақ, тараптар ішкі нарықтағы өзара шектеулер мен «кедендік кептелістерді» түбегейлі жоюды талап етті.
БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мемлекет басшылары кедендік реттеу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ортақ электр энергетикасы нарығы, қызмет көрсету саласы, кедендік баж сомаларын бөлу мәселелерін қарастырды. Халықаралық маңызы бар екі маңызды құжатқа қол қойылды. Біріншісі, біз Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастаймыз. Екіншісі, 2019 жылы Сербиямен қол жеткізілген жекелеген уағдаластықтарды өзектендіру туралы шешім қабылданды.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Құлашты кең сермеу керек, бірақ көрінгенмен серіктес болуға тағы болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев одаққа жаңа мүше қабылдауда талғампаздық таныту қажет деген Александр Лукошенконың пікірін қолдады. Еуразиялық Экономикалық одаққа-кім көрінгенді емес, тек нақты пайда әкелетін елдерді ғана іріктеп алу — бүгінгі күннің басты талабы. Астана бұл ретте нақты прагматизмді алға тартып отыр. Яғни, интеграция тек қағаз бетінде қалмауы тиіс. Қазіргі аласапыран заманда бәсекеге төтеп беру үшін одаққа құрғақ уәде емес, экономикалық қуаты бар нақты серіктестер қажет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Одақтың ауқымы тек географиялық шекарамен шектелмеуі тиіс. Мемлекет басшысы бүгінгі жиында ұйымның экономикалық бағдарын айқындап, сыртқы байланыстарды барынша кеңейтуді тапсырды. Басымдық — Араб елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы құрлығына берілмек. Әсіресе, алып Үндістан нарығымен еркін сауда аймағын құру мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Ал бұл — отандық кәсіпкерлер үшін миллиардтаған тұтынушысы бар алпауыт нарықтарға жол ашылды деген сөз.