Балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен буллинг жағдайларына ден қоюдың жаңа алгоритмі бекітілді

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2026

Елде балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен буллинг жағдайларына ден қоюдың бірлескен алгоритмі бекітілді. Енді кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген қысым немесе құқық бұзушылық фактісі анықталған сәттен бастап, ақпарат бір сағат ішінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне жетуі тиіс. Ал ақпаратты алған барлық мемлекеттік құрылымдар бір тәулік ішінде шұғыл шара қолдануға міндетті. Жаңа құжат зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардан бөлек сол оқиғаға куә болған бүлдіршіндерді де құқықтық және психологиялық тұрғыдан қорғауды көздейді.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Ең бастысы - бұл алгоритмде бір сағат ішінде міндетті түрде реакция білдіру қарастырылған. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайлар туралы өңірлерден келетін жедел ақпаратпен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бір күн ішінде барлық мемлекеттік құрылымдардың осы жағдайларға, соның ішінде зорлық-зомбылық куәгерлеріне қатысты шұғыл әрекет етуі және нақты көмек көрсетуі міндеттеледі.

Бекітілген ереже бойынша әр ведомствоның міндеті нақты бөлінген. Ішкі істер министрлігі заң шеңберіндегі қорғау шараларына жауап берсе, Оқу-ағарту министрлігі психологиялық қолдауды, ал Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті қамтамасыз етеді. Егер мәселе білім беру мекемесінің құзыретінде болса, жағдай үш күн ішінде өңірлік кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия қарауына шығарылуы шарт.