Астанада ат спортынан Әлем кубогінің кезеңі басталды

Астанада ат спортынан әлем чемпионаты жалауын желбіретті. Конкур мен атпен мәнерлеп жүру бойынша медальдар сарапқа салынады. Дүбірлі додаларға Кәрі Құрлықтан бөлек,  Африка, Латын Америкасы мен мұхит ортасындағы елдердің құрамалары да бақ сынауға келді.

Елордада бір мезетте әлем кубогының кезеңі, Challenge Cup финалы, сондай-ақ, CDI1/CDI3 санатындағы жарыстар жалауын желбіретті. Кедергілерді жай аттап басқандай, секіріп өтетін арғымақтардың барлығы нағыз бабында келген. Соған қарамастан, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есептегі бірінші орынды сақтап қалуға ниетті, - дейді бас бапкер – Әсет Толқынбеков.

ӘСЕТ ТОЛҚЫНБЕКОВ, АТ СПОРТЫ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Өзіміздің спортшылардан жақсы дәрежеде өнер көрсетеді деген үмітіміз бар. Спортшылар жақсы деңгейде. Жылқылардың бабы да жақсы болып тұр. Осыған дейін 4 жарыс өткізіп үлгердік. Қазақстан чемпионаты болды, Әлем кубогінің 3 кезеңі өтті.

Шетелдік спортшылар, қанша әлем чемпионатына қатыссақ та, дәл осындай деңгейде Қазақстанда ғана ұйымдастырылып жатқанын айтты. Колумбиялық бойжеткен Эмилиана Лондоньо небәрі 16 жаста болғанына қарамастан, бірнеше жаһандық жарыстарда жүлделі орындардан көрінген.

ЭМИЛИАНА ЛОНДОНЬО, ҚАТЫСУШЫ:

Мен осында анаммен және жаттықтырушыларыммен бірге келдім. Өте керемет. Бізді бұндай деңгейде ешкім ешқашан күтіп алмаған еді. Сондықтан, көңіл-күйіміз керемет. Осы әлем біріншілігіне қатысып, Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Дайындығым да өте керемет.

Ресейлік команда да жарыстың ұйымдастырул деңгейіне тәнті екендерін жасырмады. Айтуларынша, Қазақстан ат спорты федерациясы барлық команда нағыз бабында қатыса алатындай жағдай жасаған. Енді тек бақ шешеді, - дейді Ресей ат спорты федерациясының басшысы Марина Сечина.

МАРИНА СЕЧИНА. РЕСЕЙ АТ СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз бүгін өте маңызды сәтке куә болып отырмыз. Менің ойымша, Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл ат спорты үшін теңдессі жоқ бәсеке басталды. Мәселен, Ресей құрамасы бұл жарысқа қатты дайындалды. Қатты қобалжыдық десем, артық айтқаным емес. Алайда, келген сәттен бастап, Қазақстан федерациясы спортшыларымызға да, аттарымызға да жақсы күтім көрсетті. Кішкентай детальдарға да ерекше мән берілген. Аттарды шошытпау үшін де барынша қолайлы жағдай жасалынды. Сол үшін алғысымды айтқым келеді.

Айта кетейік, осы іріктеу Әлем кубогінде жеңіске жеткен спортшылар Еуропадағы басты финалдық бәсекелерге жолдама алады. Ақтық сындар Германияда өтпек.