Жаңа заң күшіне енді: Енді шенеуніктер халықты тыңдауға міндетті

Көптен күткен жаңа заң күшіне еніп, елімізде шенеуніктер мен қарапайым халық арасындағы дауды шешу тәртібі айтарлықтай өзгерді. Енді соттар әкім-қаралардың шешімін жіті тексеріп, заңның бәріне бірдей орындалуын талап етеді. Халық үніне құлақ асатын заман туса да, мемлекеттік мекемелер әлі де ескі әдетінен арыла алмай келеді. Олар қарапайым адамдардың арыз-шағымын дұрыс тыңдамай, мәселенің мән-жайына үңілместен, біржақты жауап қайтаруды жиілеткен. Жауаптың не себепті бұлай берілгенін түсінбеген жұрт амалсыз әділдік іздеп, сотқа жүгінуге мәжбүр.

ДАМИР ӘБДІҒАЛИЕВ, ҚР ӘКІМШІЛІК ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ:

Мемлекеттік органдардың ең үлкен қателігі адамдарды тыңдай білмеуінде. Заң бойынша, шенеунік кез келген шешімді шығармас бұрын, ең алдымен сол азаматты шақырып, уәжін тыңдап, құжаттарын қарауы керек. Бірақ бізде көбіне қағаз жүзінде ғана құтыла салады. Егер мемлекеттік мекемелер адамды адам құрлы көріп, мәселесін басынан бастап дұрыс қараса, ешкім сотқа сабылып жүрмес еді. Біз қазір осы жүйені өзгертіп, шенеуніктерді халықпен ашық сөйлесуге мәжбүрлеп жатырмыз.