БҚО тұрғыны алимент төлемегені үшін сотталды

фото: pixabay

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 мамырдағы үкімімен борышкер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы (алимент төлеуден жалтару) бойынша кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотта сотталғанның бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған баласын асырау жөніндегі сот шешімін орындаудан жалтарғаны анықталды. Нәтижесінде алимент бойынша 4 млн теңге көлемінде берешек қалыптасқан.

 

Бұған дейін борышкер осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылып, алайда рақымшылық актісін қолдануға байланысты жазадан босатылған. Соған қарамастан, істеген ісінен тиісті қорытынды жасамай, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтаруын жалғастырған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.