Зейнетақы жүйесіне қатысты жаңа алаяқтық схемасы анықталды

Фото: istockphoto

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа алаяқтық схемасы анықталғанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше соңғы уақытта БЖЗҚ бөлімшесіне міндетті зейнетақы жарнасы аударылмағаны туралы хабар алған азаматтар жиі жүгінетін болған.

"Алаяқтар өзін қордың қызметкері ретінде таныстырып, бірнеше жыл еңбек өтілі зейнетақы есептеу кезінде ескерілмей қалғанын айтып, соның негізінде зейнетақыны қайта есептеп, мөлшерін арттыруға болатынын айтып көндіруге тырысады", - делінген хабарламада.

Алаяқтар сенімге кіру мақсатында қордың нақты жұмыс істейтін бөлімшелерінің мекенжайын айтып, азаматтарды сол жерге келуге шақырады. Филиалға келгендердің айтуынша, қызметті "жылдам әрі ыңғайлы алу үшін" алдын ала электронды кезекке қоямыз деп, SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды.

БЖЗҚ қызметкерлері қоңырау соқпайды, телефон арқылы, электронды пошта немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректерін және өзге де құпия ақпаратты ешқашан сұрамайды.

БЖЗҚ барлық қызметті тегін көрсетеді. Зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделеді.

"Қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді, мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білетін болса, бұл оның ресми қызметкер екенін білдірмейді. Мұндай мәліметтер алаяқтардың қолына ашық дереккөздерден түсуі мүмкін", - деп ескертті БЖЗҚ.