Егіс жұмыстарын ерте қаржыландыруға 4800-ден астам фермер қол жеткізді

gov.kz

Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1 қазанда басталды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 630 млрд теңгені құрайтын 5 142 өтінімнен тұратын пул қалыптастырылып, 4,8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 572 млрд теңге көлемінде қаржы берілді, 6,8 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды.

Жалпы алғанда, 2026 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген тәртіппен несиелеуге 750 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Қаражат алты арна арқылы бөлінеді. Олар: «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы тікелей қаржыландыру, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар.

Түпкілікті қарыз алушылар үшін несие мөлшерлемесін жылдық 5%-ға дейін төмендету мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі қолданылуда. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы несиелерге кепілдік беру жалғасуда, бұл қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдікпен қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жалпы қарыз сомасы 216,7 млрд теңгені құрайтын 1 379 кепілдік берілді.

Қаржыландырудың ерте басталуы фермерлерге 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға зор мүмкіндік туғызды. Бөлінген қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералдық тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталуда.

Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі егіс жұмыстарын дайындау мен жүргізуге ғана емес, сондай-ақ егін жинау науқанын өткізуге және маусымдық шығындарды жабуға да қолжетімді болмақ.