Ақтөбеде өрткен оранған жатақхананың шатырынан су сорғалап тұр

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2026

Ақтөбеде жатақхана тұрғындары оттан аман қалғанымен, енді жаңбырмен арпалысуда.  Он күн бұрын 5 қабатты жатақхананың шатыры өртеніп, 300 шаршы метр аумақ күлге айналған еді. Сол кезде 50 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, адам шығыны болмаған. Бірақ төбесі жабылмаған жатақхана тұрғындары енді басқа қауіппен бетпе-бет келді.

Соңғы үш күн бойы толассыз жауған жаңбыр күйген шатыр арқылы пәтерлерге еркін құйылған. Қабырғалары көгеріп, төбелер ісінген. Кей бөлмелерде түсқағаздар сыпырылып, линолеум көтеріліп кеткен. Әсіресе 4 пен 5 ші қабат тұрғындарының жағдайы мүшкіл. Электр жүйесін өз қалталарынан ақша шығарып жөндеткен. Электрикаға 120 мың теңге жұмсадық, дейді.

АЙСӘУЛЕ ШӨЛЕКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жаңбырдан кейін почти 50 квартира суға кетіп жатыр.Үйлерінде қонбай жатыр. Свет сөніп қалды. Алдында 5 күн свет болмай отырдық былай қарасаңыз. Бізге енді көмек жаңағы, төбемізді жабып тұратын қандай бір көмек керек.

Жатақхана  1985 жылы салынды. Мұнда екі подъезде орналасқан 120 пәтер бар. Аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жалғыз панасы осы. Қазір кей тұрғындар туыстарын жағалап, уақытша пәтер жалдап күнелтуде. Өйткені өз үйлерінде тұру мүмкін емес. Синоптиктердің болжамынша, алдағы он күнде де жауын-шашын тоқтамайды. Ал шатыр әлі ашық.

ЕРБОЛ ҚҰБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Акиматтан көмек сұраймыз,көмектессін. Енді алдағы уақытта осы бір апта бойы, бір апта жаңбыр жауады. Жаңбыр болса су кетіп тұр крышадан. Крышаның бәрін полный, үйдің іші сырость.

Тұрғындар жергілікті биліктен нақты көмек күтеді. Алайда жауапты органдар заңды алға тартып, шатырды меншік иелері өз қаражатына жөндеуі тиіс екенін ескерткен. Немесе көпқабатты үйлерді жаңғырту бағдарламасына қатысуға шақырады. Қазір өрттің себебі анықталып жатыр. Ресми қорытынды шықпайынша қандай да бір көмек көрсету туралы шешім қабылданбайды.

ӘСИМА ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН-ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Үкіметтен көмек ретінде қаржы көзі қарастырылған жоқ. Алдағы уақытта тек модернизация арқылы шешілетін болады.

Бір түндегі өрттің салдары осылайша жүзден астам отбасының өмірін тығырыққа тіреді. Оттан аман қалған тұрғындар енді жаңбырдан қорған іздеп жүр.