Балаларды қорғау күні: «Отан отбасынан басталады» шығармашылық байқауының үздіктері анықталды

gov.kz

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің бастамасымен өткен «Отан отбасынан басталады» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

Іс-шара орталықтың фойесінде «Менің әкем қаһарман» тақырыбында балалар салған суреттер көрмесінің ашылуынан басталды. Көрмеге еліміздің әр өңірінен қатысқан балалардың шығармашылық жұмыстары қойылды.

Шығармашылық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтап сөз сөйледі.

– Қорғаныс министрінің атынан барша бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтаймын. Бүгін «Отан отбасынан басталады» байқауының үздіктерін марапаттағалы тұрмыз. Таланттар осылайша бала кезден танылады. Сендерге әрі қарай да шығармашылық шабыт пен жетістіктер тілеймін. Сендер елдің болашағысыңдар, – деді Арман Әсенов.

Байқау бірнеше жас санаты бойынша өтті. 4 жастан 9 жасқа дейінгі балалар арасында «Менің әкем – қаһарман» тақырыбында салынған суреттер бағаланса, 10-13 жас аралығындағы қатысушылар «Менің Отаным» тақырыбында өлең жазудан бақ сынады. Ал 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» тақырыбында бейнероликтер дайындады.

Дүбірлі доданың жеңімпаздары төмендегідей орындарды еншіледі. «Менің әкем қаһарман» байқауы бойынша 4 жастағылар арасында жеңіске жеткен Мадияр Аянұлы (ҚӘ ӘИ, Алматы қ.), 5 жас – Айару Байтас (68665 ә/б Астана қ), 6 жас –  Асқар Арлан (21751 ә/б Талдықорған қ.), 7 жас – Айсұлу Хасен (32363 ә/б Қонаев қ.), 8 жас – Ералы Ернұрұлы (18404 ә/б Талдықорған қ.), 9 жас – Айдария Русланқызы (18404 ә/б Талдықорған қ.), «Менің отаным» тақырыбына өлең шығару байқауында 10 жастағы балалар арасында бірінші орын Айдын Нұрмаханға (85395 ә/б Тараз қ.), 11 жастағы Ибрахим Асқарұлына (55765 ә/б Астана қ.), 12-дегі Заңғар Асанға (83205 ә/б Астана қ.), 13 жастағы Жанель Тоқтасынға (ҚӘ ӘИ Алматы қ.) бұйырды. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалар арасында өткен «Ешкімде, еш нәрсе де ұмытылмайды» тақырыбында түсірген бейнероликтер бойынша жеңіске 16 жастағы Ақмарал Бақыт (68665 ә/б Астана қ.) жетті.

– Осы байқауға үш балам қатысты. Екеуі әр жас ерекшеліктеріне қарай «Менің Отаным» тақырыбында өлең жазудан жүлделі орындар алды. Қуаныштымыз. Былтыр бір балам «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалып келген. Әскери қызметшілердің балаларына жасалып жатқан шаралар үшін Қорғаныс министрлігіне алғысымды айтамын, – деді қатысушылардың анасы Гүлнұр Кемелова.

 «Шығармашылық байқаудың жеңімпаздары дипломдармен, грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.

  Марапаттау рәсімінен кейін аниматорлар шоуы, «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының бүлдіршіндері концерті мен «Алтын адам» мультфильмі балалардың мерекелік көңіл-күйін көтере түсті.  Шара соңы тәтті балмұздақ үлестірумен аяқталды.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, патриоттық тәрбие беруге және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.