Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму жоспарымен танысты. Көлемі 88 мың гектарды құрайтын шаһар, 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын 4 арнаулы аумаққа бөлінген. Сондай-ақ қалада экономикалық тұрғыдан тиімді кәсіпорындар құрылысы да жандана бастаған. Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қаланың аяқ алысы қалай? Тілші тарқатады.
Орталық Азияда орын тепкен ақылды қаланың инфрақұрылымы аса маңызды. Сол жұмысты жүйелеуге алғашқы қаржыны әрине мемлекет бөлді. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалар да даму табалдырығын осылай аттаған. Бірақ, шетелдің инвестициясы да аз емес. Шаһарға 2 триллион теңгеден аса қаржы тартылады. 50- ден аса жоба аясында, 51 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Ал қаражат келу үшін, қолайлы жағдай жасау керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір алдымызда тұрған жұмыс – аса маңызды: инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берген жөн. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолданған абзал. Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма.
Атына заты сай болу үшін қаладағы технологиялық тетіктердің де дамуы маңызды. Бұл тек бір секторда атқарылатын жұмыс емес, сан саланы қамтуы керек. Туризмді түлетіп, Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағына жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасаған жөн. Сонымен бірге, Президент цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек деп атап өтті. Ал жаңа жүйеде цифрлық теңге негізгі рөл атқаратыны анық.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Халықаралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операциясына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құқықтық жағдай жасалуы қажет. Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алатаудың Алматыға жақын орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады. Күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп шығатынын ескерсек, Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту орынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын темір жол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни ауқымды облыстық кластер пайда болады. «Almaty SkyHub» заманауи мультимодальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ.
Қаланың қарқынды дамуына теңгемен қоса теңгерім қажет. Бұл таза Қазақстан акциясының да бір бөлігі. Ал стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпаратына сәйкес, еліміз – әлемде энергияны ең көп тұтынатын экономикалардың бірі. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстанның ІЖӨ-дегі энергия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері көрсеткіштерінен 3,5 есе артық. Алатау қаласы олқылықтың орнын толтыруда үлгі болуға тиіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы проблеманы шешу үшін «First fuel» тұжырымдамасына ерекше назар қажет деп санаймын. Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген бұл тұжырымдама энергияның тиімділігі мен қуат үнемдеуді арттыру шараларын кеңінен енгізуді қарастырады. Үнемделген энергияның бағасы жаңадан өндірілетін электр энергиясының құнына қарағанда, тіпті өндірістің қолжетімді түрлерімен салыстырғанда 2-3 есе төмен болатыны есептелген. Бұл жерде міндетті түрде пайдалануға болатын үлкен әлеует жатыр.
Президент Алматы облысына сапарында ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Заманауи жылыжай кешенінің қызметімен, өндіріске қолданылатын технологияларымен танысты. Сонымен бірге, халықаралық деңгейдегі «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын аралады. Кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды.