Астанада ЖҚАЖ қызметкері адам өмірін сақтап қалды

Polisia.kz

Астана қаласында полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері қайғылы жағдайдың алдын алып, адам өмірін аман алып қалды.

ЖҚАЖ аға инспекторы Салават Мұхамбетов түнгі кезекшілікке дайындық барысында сырттан шыққан айқай-шуды естіп, дереу терезеге жақындаған. Ол көрші көпқабатты үйдің оныншы қабатындағы балконнан жартылай салбырап тұрған ер адамды байқайды. Аталған азамат кез келген сәтте төмен құлап кету қаупінде болған. Оқиғаның қауіптілігін дереу бағалаған полиция капитаны уақыт жоғалтпай, оқиға орнына жедел жеткен. Ол жеткен сәтте ер адамның жұбайы оны бар күшімен ұстап тұрғанын көреді. Алайда ер адам қарсылық көрсетіп, төменге секіруге әрекеттенген. Мұндай жағдайда әрбір секунд шешуші рөл атқарған. Кәсіби біліктілігі мен жедел әрекетінің, сондай-ақ физикалық дайындығының арқасында Салават Мұхамбетов ер адамды дер кезінде ұстап қалып, оны балкон шетінен қауіпсіз жерге шығарды. Оның спорттық даярлығы, соның ішінде бокспен шұғылдануы, төтенше жағдай кезінде тез шешім қабылдап, сенімді әрекет етуіне ықпал етті. Құтқару шараларынан кейін ер адам медициналық қызметкерлерге тапсырылып, қажетті тексеру мен көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Салават Мұхамбетов 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Оның айтуынша, бала кезден-ақ адамдарға көмектесу, оларды қорғау және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету оның басты мақсаты болған. Полиция қызметкерінің бұл әрекеті – кәсіби борышқа адалдықтың, ерлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жедел әрі батыл шешімнің арқасында бір адамның өмірі сақталып қалды.