Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері Өскемен қаласындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде интернет-дүкен үшін тыйым салынған заттарды тасымалдаумен айналысқан 51 жастағы күдіктіні ұстады.
Автокөлікті және оқиға орнын тінту барысында шамамен екі келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Полиция мәліметінше, күдікті шамамен бір ай бұрын Алматыда TikTok әлеуметтік желісі арқылы интернет-дүкенге тасымалдаушы-курьер ретінде жұмысқа орналасқан. Сәуір айында куратордың нұсқауымен Өскеменге тыйым салынған заттарды жеткізіп отырған. Мамыр айында ол куратордың тапсырмасы бойынша облыс орталығына қайта келіп, өзімен бірге шамамен екі келі есірткі затын алып жүрген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.