Алматы әуежайында ұсталған есірткі курьері 16 жылға сотталды

Polisia.kz

Көлік полицейлері Алматы әуежайында аса ірі мөлшердегі есірткі контрабандасының жолын кесті.

Көліктегі полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері Алматы халықаралық әуежайында аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз тасымалдау дерегін анықтады. 2025 жылдың желтоқсан айында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Бангкок – Алматы бағытындағы рейспен келген Жамбыл облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру кезінде күдіктінің жүгінен жалпы салмағы 8 келі 879 грамм болатын гашиш майы есірткі заты табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді. Тергеу барысында күдіктінің заңға қайшы әрекетке қасақана барғаны, материалдық пайда табу мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізуге, сондай-ақ оларды сақтау мен жөнелтуге қатысқаны анықталды. Жиналған дәлелдемелер негізінде іс сотқа жолданды. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдікті кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Көліктегі полиция департаменті азаматтарға есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы, оларды тасымалдау, сақтау және өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.