Әкімшілік рақымшылық әзірге тек әкімшілік айыппұлдарға ғана қолданылады. Ол қайталанған құқықбұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге жүрмейді.
Рақымшылық қарапайым азаматтармен қатар жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына да қатысты болады. Жеке кәсіпкерлерді қамту азаматтардың экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында қарастырылған.
Сонымен қатар бірқатар құқықбұзушылық рақымшылықтан тыс қалады. Атап айтқанда, соттар тағайындаған айыппұлдар, қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекеттік мүдделерге қатер төндіретін құқықбұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар кешірілмейді.
Олардың қатарына жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы өрескел құқықбұзушылықтар да кіреді. Мәселен, мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүру қағидаларын өрескел бұзу фактілері бойынша салынған айыппұлдарға рақымшылық қолданылмайды.
Сондай-ақ қару-жарақ пен есірткі құралдарының заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және өзге де маңызды салалардағы құқықбұзушылықтар рақымшылық аясынан шығарылған.
Әкімшілік рақымшылықты іске асыру үшін әкімшілік іс жүргізу бойынша бірыңғай тізілім пайдаланылады. Жүйе заңда белгіленген талаптарға сәйкес рақымшылыққа жататын тұлғалардың тізімін автоматты түрде қалыптастырады.
Шешімдер электронды форматта қабылданып, уәкілетті тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Рақымшылық қолданылған азаматтарға цифрлық сервистер мен SMS-хабарламалар арқылы ақпарат беріледі. Бұл үшін мемлекеттік органдарға арнайы жүгінудің қажеті болмайды.