Қазақстан мен Кипр арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Қазақстан кипрлік инвесторларға «Алтын виза» беруге, ал Кипр отандық бизнеске Еуропа нарығына шығатын сенімді қақпа болуға дайын. Астанаға Кипр Президенті Никос Христодулидис алғаш рет ресми сапармен келді. Мемлекет басшылары экономикалық байланысты жандандырудың тетіктерін талқылап, нақты келісімдерге қол қойды. Тараптар тағы қандай маңызды шешім қабылдады? Толығырақ тілші Асйәуле Съезбек тарқатсын.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Кипр президенті Никос Христодулидистің бұл Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бұған дейін біздің Мемлекет басшылары да бұл елге не ресми, не мемлекеттік сапармен бармаған. Сондықтан бүгін екі ел тарихында жоғары деңгейдегі байланыстың серпін алған күні болмақ. Тараптар мәдениет, спорт және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер жүргізеді.

Ресми кездесудің уақыты Кипрдің Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық ету миссиясымен тұспа-тұс келді. Бұл — сапардың саяси салмағын арттыратын басты фактор. Мемлекеттер арасындағы жүйелі ықпалдастық енді Астана мен Никосия қалаларында елшіліктердің ашылуымен заңды түрде бекиді. Ал Ларнакадан елордаға бағытталған алғашқы тікелей әуе рейсі қос елді жақындата түспек. Алайда, қазіргі сауда айналымы тараптардың шынайы мүмкіндігіне сай келмей отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің Ларнака – Астана бағытындағы алғашқы әуе рейсімен ұшып келуіңіздің символикалық сипаты айрықша. Өйткені бұл екі елді жалғайтын тікелей әуе қатынасының іске қосылғанын көрсетеді. Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз – саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Кипр мен Қазақстан 1992 жылдан бері саяси серіктестікті жандандырған. Алайда әлі күнге екі ел арасындағы сауда байланысы саяз. Жыл сайын қайталанатын алыс-беріс ағыны жоқ. Сауда көрсеткіші тек бір реттік ірі мәмілелерге ғана тәуелді.

Бастапқы  3 айда тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 86 процентке төмендеген. Ортақ нарықтағы сауда-саттықтың тұрақсыздығына қарамастан, инвестициялық динамика оң нәтиже көрсетіп отыр. Соңғы жиырма жылда арал елінен Қазақстанға 5,4 миллиард доллар тікелей инвестиция келді. Ал отандық капиталдың Кипрге бағытталған көлемі 2 миллиард долларды құрады. Қазіргі уақытта елімізде кипрлік  400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде бұл компаниялар мемлекет қазынасына 13 миллиард теңгеден астам салық төледі.

НИКОС ХРИСТОДУЛИДИС, КИПР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Аталған орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар.

Экономикалық ықпалдастықты тереңдету мақсатында тараптар 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуге келісті. Арнайы Үкіметаралық комиссия да құрылады.  Екі елдің сауда палаталары арасындағы меморандум іскерлік топтардың тікелей диалогына заңды негіз болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев қос мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлес үшін мәртебелі қонаққа І дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Белсенді қызметіңіздің арқасында өзара сенім, саяси диалог және ынтымақтастығымыз нығая түсті. Ортақ күш-жігер арқылы қарым-қатынасымызға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін. Бұл орден атауы айтып тұрғандай, достықты, Қазақстан мен Сіздің еліңіздің арасындағы қарым-қатынастың негізі саналатын сенім мен серіктестік рухын сипаттайды.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Кездесу екі ел үшін де тиімді келісімдерге қол қоюға мүмкіндік берді. Енді Логситика, қаржы, цирфлық технологиялар мен туризм сала бойынша байланыс нығаяды. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін Транскаспий жобасына атсалысуға шақырды. Өз кезегінде Қазақстан кипрлік кәсіпкерлерге Алтын виза беріп, табысты жұмыс істеуге жағдай жасауға дайын екенін жеткізді. Ресми сапар аясында екіжақтың инвесторлары бизнес форумда бас қосады. Бұл сапардың мақсаты болған сауда-саттықты дамытуға жол ашпақ.