Павлодар облысында бүтін бір ауыл түтінге тұншығып отыр

Павлодар облысында бүтін бір ауыл түтінге тұншығып отыр. Баянауыл ауданына қарасты Шөптікөл елдімекені 40 жылдан бері көмір кенішінің көк түтінімен демалып келеді. Ауыл халқы жанайқайын айтып, бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Алайда, ешқайсысынан қайыр болмапты. Ашық әдіспен көмір шығаратын ірі кәсіпорынға ешкімнің тісі батпаған сыңайлы. Амалы таусылған ауылдағы ағайын арнамыздан араша сұрады.

Шөптікөл елдімекені әу баста көмір кеніші ретінде ашылған. Тарихи тым тереңде жатыр. 1987 жылға дейін көмір шығарған. Алайда, отын қорының азаюына байланысты Шөптікөл кеніші жабылып, ауыл жанынан Майкөбе көмір кеніші ашылады. Алайда, ашық әдіспен көмір өндіретін кәсіпорын ескі карьерді ашық күйінде қалдырып кетіпті. Асты көмірге толы үлкен қазандық жанып жатыр. Көмір иісі қолқаны қабады.

ТӨЛЕГЕН САДУАҚАСОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жауын жауып кетсе, күн тымық болса, ана отқа су тиеді ғой. Сосын түгел бықси бастайды. Күн тымық күні ауыл көк түтін болып тұрады. Демала алмайды. Уголь кислий газ. Көзге көрінбейді. А так былай көк түтін болып кетеді кей кезде. Қырға шықсаңыз тынық күні ауылдың іші көкпеңбек болып тұрады.

Шөптікөл ауылының айналасы толған көмір кеніші. Батысында Майкөбе, оңтүтігінде Сарыкөл, Шығысында Талдыкөл. Солтүстігінде ескі Шөптікөл кеніші орналасқан. Сол себепті түтіннен бөлек ауылға шаң топырақ соғады.

Экология жаман. Таңертең тұрсақ көк түтін ауылың іші. Кәдімгідей көк түтін газ болып тұрады. Сонымен демаламыз. Терезе аша алмаймыз. Шаң. Мына жерден КаМАЗдар жүреді. Оны да талай әкімге айттық. Иә, иә деп айтады да, қалады оның бәрі. Кір жая алмаймыз. Әппақ киімдеріміз қап қара шаң болады мына КаМАЗдың шаңдарынан.

Экологияның нашарлауына байланысты ауылда адам тұрақтамайтын болған. Жастардың бәрі қалаға көшіп кетіпті. Тек  жасы егде тартқан адамдар ғана қалған. Қазір ауылда 21 үй бар. Лас ауадан тұрғындар жиі сырқаттанатын болыпты. Сондықтан да ауыл халқы Шөптікөл ауылын басқа елді-мекенге көшіруді талап етіп отыр.

Аймақтың экология департаменті ауа сапасына тексеру жүргізген. Нәтижесінде ауаның ластанғанын анықтапты. Осы бойынша құзырлы орган Майкөбе кенішіне ескі карьерді  залалсыздандыру бойынша нұсқау берген. Алайда, кәсіпорын оны орындамаған.

ӘСЕТ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азаматтың өтініші негізінде  «Майкубен-Вест» АҚ қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Тексеру қорытындысы бойынша жанағы нұсқаманы орындамағаны үшін біз айыппұл салып оны сот орындарына жібердік. Қазіргі уақытта әкімшілік соттың қаралуында.

Экология департаменті  кәсіпорынға 500 АЕК көлемінде айыппұл салған. Егер сот шешімін орындамайтын болса, қолданысты заңнамаға сәйкес кеніш жұмысын тоқтатуы да мүмкін. Барлығы соттың шығаратын шешіміне байланысты.