Түркістан облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды

Polisia.kz

Түркістан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады.

Белгілі болғандай, республикалық маңызы бар автожолдағы бейнебақылау камерасы Hyundai автокөлігінің жүргізушісі мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі көлік сүртетін шүберекпен жауып алғанын тіркеген. Сондай-ақ жүргізуші камерадан өткен сәтте бейәдеп әрекет көрсеткен. Келіп түскен ақпарат негізінде полицейлер жедел шара қабылдап, Қызылордадан Тараз бағытына жолға шыққан жүргізушіні анықтады. Көп ұзамай тәртіп сақшылары оны трасса бойында тоқтатып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 37 жастағы ер азаматқа мемлекеттік тіркеу белгісін сәйкестендіруге кедергі келтіру бабы бойынша әкімшілік шара қолданылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.