Оралда 150 отбасы баспаналы болды

Бүгін ұзақ уақыт бойы баспана кезегінде тұрған оралдық 150 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін олардың қатары тағы көбеймек. Өйткені өңірде биыл 2300 пәтер пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасы Батыс Қазақстан облысында осылай орындалып жатыр.

Бүгін "Ақжайық" ықшамауданының халқы ерекше қуанышты. Өйткені мұнда мектеп, балабақша, аурухана, спорт нысандары салынады. Ал қаламен қатынасты жеңілдету үшін көпір құрылысы басталмақ. Облыс әкімі осы сүйінші хабарды жеткізіп, тұрғындарды қуантты.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Осы жерде тұрып жатқан халықтың медицинасы қасында болуы керек, білім ошақтары қасында болуы керек, балабақша қасында болуы керек. Қаланың бір шетінен екінші шетіне барып, балалары оқымауы керек. Міне, осы жағдайды біз жасап жатырмыз. Осы жерде сіздерге қажетті барлық әлеуметтік нысандар салынатын болады. Осының барлығы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған реформаларының негізінде атқарылып жатқан жұмыстар.

Баспаналы болғандардың бірі - Айгүл Шайхиева. Қызы екеуі осы күнді 14 жыл күтіпті. Облыс басшысы оған пәтерінің көрімдігі ретінде теледидар тарту етті. Сонымен қатар әр тұрғынға 1,5 миллион теңгенің сертификаты берілді.

АЙГҮЛ ШАЙХИЕВА, ТҰРҒЫН:

2012 жылы толық емес отбасы ретінде кезекке тіркелдім. Міне, арада 14 жыл өтті. Осындай баспанаға ие болып жатырмын. Көптен күткен қуанышым. Қазақ еліне бұйырсын дегім келеді осындай баспаналар. үш бөлмелі пәтерге ие болып жатырмын.

Биыл облыста 2300 пәтердің құрылысы аяқталады. Бұл үйлер баспанаға мұқтаж, кезекте тұрған азаматтарға беріледі.