Алматыда жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жерасты дүмпулері кеше кешкілік 2 баллдық көрсеткіште болған. Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 316 шақырым жерде орналасқан. Ошақ 30 шақырым тереңдікте болған. Ең жоғары қарқындылық Жетісу облысында тіркеліп, 4 баллға жетті. Ал өңірдің бірқатар елдімекендерінде жер сілкінісі 3 балл шамасында сезілген. Қала тұрғындарының айтуынша, жер сілкінісі бірнеше секундқа созылған. Әлеуметтік желілерде алматылықтар жерасты дүмпулерінің әсіресе көпқабатты үйлерде анық сезілгенін жазуда. Алайда тұрғындардың ұялы телефондарына төтенше жағдай туралы ескерту хабарламасы келмеген.
БЛИЦ:
- Ешқандай жер сілкіну жайлы хабарлама келген жоқ. Ол міндетті түрде жер сілкінуін хабарлау керек.
- Негізі хабар болу керек деп ойлаймын енді, алдын-ала. Енді қаншама уақыттан бері айтылып жатқан тақырып қой.
- Ешқандай уведомление, ештеңе келмеді. Мен өзім Астанадан келдім, может поэтому я не прочуствовал.
НАЗЕРКЕ СМАГУЛОВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Оқиға бойынша халыққа SMS хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы жедел ақпарат берілді. Тіршілікті жағдайды қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, мамандар сейсмикалық станциялардан түскен ақпаратты өңдеуде. Қазір жер сілкінісінің эпицентрі мен магнитудасына қатысты деректер нақтылануда. Сондай-ақ, Жер сілкінісіне байланысты Жетісу облысынада төтенше жағдайлар департементі тұрғындарға арналған жедел желіні іске қосты.