Трамп: "Куба билігіндегі алжыған қақбастардың көзін жоямын"

Миллиардер Илон Маск Ұлыбританияның ішкі істеріне араласып жатыр. Ресми Лондон осылай деп дабыл қақты. Премьер-министр Кир Стармердің айтуынша, әлемдегі ең бай адам елді азамат соғысына итермелеп жатыр. Ал, Трамп Куба билігіндегі жемқор жексұрындардың көзін жоямын, - дейді. Иранды жайғастыра сала, бүйіріндегі аралмен арпалысты бастаймын деп уәде берді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Әлемдегі ең бай адам, өнертапқыш Илон Маск Ұлыбританияда ұлт араздық қоздырып отыр. Премьер-министр Кир Стармер осылай деп сұхбат берді. Оның айтуынша, өткен жылдық желтоқсан айындағы британдық студенттік үндіс азаматы қолынан өлім табуы - жаппай наразылық тудыратын мәселе емес. Ал, Илон Маск оны елдегі алауыздықты қоздырып, саясатқа араласпақ болды, - дейді Премьер-министр.

КИР СТАРМЕР, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Илон Масктың өзге елдердің саясатына, ішкі істеріне араласу оқиғалары жиі тіркеліп жатыр. Генри Новакты өлтірген адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ата-анасымен өзім кездестім. бірақ, бұл британдықтардың бойында нацистік идеологияны орнату үшін қолданылуына бүкіл ел қарсы. Сан ғасырлық тарихы бар, әркез фашизм және нацизммен күрескен Ұлыбритания саясатына кім көрінгенді араластыра алмаймыз.

Трамп Кубаны басып алу туралы тағы сөз қозғады. АҚШ Президенті Куба халқына жақсылық жасап, оларға демократия сыйлап және байытқысы келетінін жеткізді. Ол үшін Ирандағы жағдайды жайғастырып бола сала, Бостандық аралының билігінің көзін жоямын, - деп сес көрсетті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің бар қалауым - Куба жақсы басқарылатын, демократиялы, өз күнін өзі көре алатын терезесі тең мемлекет болса екен. Ол үшін қазіргі биліктегі алжыған қақпастардың көзін жою керек. Еш күмәнданбаңыздар. Иранның шаруасын бітіріп, міндетті түрде Кубадағы жемқор жексұрындармен айналысамын. Олардың сағаттары санаулы. Мен тек Куба халқына ғана жақсылық ойлаймын.

Ал, Иранмен келісім ештеңеге қарамастан жасалады. Трамптың айтуынша, қуанышты хабар осы демалыс күндері келіп қалады. оған, тіпті, Иранның бейбіт Кувейттің әуежайына жасаған шабуылы да кедергі емес. Жалпы, Кувейт деген секілді кішігірім елдердің пікірі аса маңызды емес, - дейді Ақ үй басшысы.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Иранға екі күн қатарынан жойқын соққы жасадық. Олар соны сылтауратып Кувейтке шабуылдады. Жалпы, ондай болмашы факторлар маған қызық емес. Кувейт те мен үшін маңызды емес. Сондықтан, біздің келісім жасау туралы жоспарымыз шегерілмейді. Осы демалыс жақсы хабар күтеміз.

АҚШ-та Израиль мен Ливан бейбіт келісім жасады. Енді Израиль өз қарулы күштерін біртіндеп, Ливан жерінен алып кетеді. Бірақ, бұл келісім Хезболла ұйымына қатысты емес. Егер лаңкестер ошақтары туралы Ливан хабар беру туралы уәде берсе, Израиль тек сол жерлерге соққы жасауға келісті.

ИЕЧИЭЛЬ ЛЕЙТЕР, АҚШ-ТАҒЫ ИЗРАИЛЬ ЕЛШІСІ:

Жалпы, шекара дегеніміз қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты құралы, тетігі деуге болады. Біз Ливан халқына жау емеспіз. Ливан бізбен соғысып жатпағанын да түсінеміз. Алайда, сол Ливан жерін пайдаланып, бейбіт халықты қалқан еткен Хезболла лаңкестері барлығын бүлдіріп, өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келеді. Дейтұрғанымен, бүгінгі келісім бойынша, Ливан билігі өз мойнына біраз міндеттемелер алып, бізді сендірді.

Дегенмен, Израиль Ливан жеріндегі ұрыстарын тоқтататын емес. Негізінен әуе соққыларынан бейбіт жандар ажал құшып жатыр. Мысалы, бір ауылда бір отбасының 6 мүшесі қаза тапты. Оның 3-і балалар.