Тыйым салынған су айдындарына шомылғандарға 4 млн теңге айыппұл салынды

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2026

Елде шомылу маусымы басталғалы 3 адам өлімі тіркелді. Опат болғандардың бәрі жасөспірімдер. Қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға тыйым салынған су айдындарында орын алған.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Дәл қазір бізге шұғыл хабарлама келіп түсті. Суға бату оқиғасы. Құтқарушылармен сол маңға асығып барамыз. Жалпы құтқарушылар оқиға орнына 1 минутта жиналып, жол ұзақтығына байланысты 2-5 минут аралығында жетеді.

Бұл жолы хабарлама жедел-тактикалық оқу-жаттығу аясында түскен болатын. Дабыл қағылысымен құтқару жасағы лезде іске кірісіп, алғашқы көмек көрсетті.

УӘЛИХАН ХАСЕН, ҚҰТҚАРУШЫ:

Суға батқан адамды алдымен жағаға шығарамыз. Егер жағдайы жақсы болса, демалдырып, тыныштандырамыз. Ал ес-түссіз болса, тынысын тексеріп, қажет жағдайда жүрек-өкпе реанимациясын жасаймыз.

Астана аумағында тұрғындарға шомылуға рұқсат етілген 5 орын бар болса, суға түсуге мүлдем тыйым салынған 21 қауіпті аймақ белгіленген. Ескерту белгілеріне қарамастан, тыйым салынған жерлерге баратындар тыйылмай тұр.

АЙБЕК ТАПАШ, ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Көп кездесіп жтқан қиындықтар ол кәмілетке толмаған жас балалардың балық аулаумен әуестенулері. Ересектердің қарауынсыз жағажайларға келіп балық аулайды. Олардың қармақтары не ілгіштері суға ілініп қалған жағдайда олар қауіп қатерді ескермейді.

Ел бойынша өткен жылы да ережеге бағынбай, тыйым салынған жерде шомылғандарға 265 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

ДИДАР ҚАЖКЕНОВ, ҚР ТЖМ ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Ресми шомылу маусымы 1 маусымда басталды. Өкінішке орай, қазіргі таңда 2 оқиға тіркелді. Ол Қарағанды мен Ақмола облыстарында. 

Маусым жаңа басталса да, қайғылы жағдайлардың тіркелуі бейқамдыққа салынбаудың басты белгісі. Мамандар суға тек белгіленген, құтқарушылары бар ресми жағажайларда ғана шомылуды және балаларды қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді.